Ішкі істер министрі Күдебаевтың өліміне қатысты іске пікір білдірді

Ішкі істер министрі Күдебаевтың өліміне қатысты іске пікір білдірді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Алматы қаласы Алатау ауданы прокурорының орынбасары Нұрсұлтан Күдебаевтың өліміне қатысты іске пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ең алдымен Ішкі істер министрлігі де, Серік Күдебаевтың ұлы жұмыс істеген прокуратура да тергеу амалдарын жүргізген жоқ. Тергеуді үшінші орган жүргізді. Ол – Экономикалық тергеу қызметі. Министрлік тарапынан да, прокуратура тарапынан да ешқандай қысым болған жоқ. Аталған орган бұл шешімді өзі қабылдады. Ал санкцияны барлық уақытта да тек қана сот береді», — деді Ерлан Тұрғымбаев Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Естеріңізге сала кетсек, тамыз айының соңында Алматы қаласы Алатау ауданы прокурорының орынбасары, Алматы қаласы Полиция департаменті басшысы Серік Күдебаевтың ұлы Нұрсұлтан Күдебаев көз жұмды. Ол жол апатына түсіп, Алматы қаласында ота жасалды. Ота жасалған соң ем-шаралар қабылдау мақсатында Германияға ауыстырылып, сол жақта өмірден озды.

Алматы қалалық сотының мәліметінше, 2 қыркүйекте тергеу сотының қаулысымен №4 Мемлекеттік клиникалық аурухананың анестезиологы Асқар Тұңғышбаев екі айға қамауға алынды. Оған «Медициналық немесе фармацевтикалық қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан адам өліміне әкеп соғу» бабы бойынша айып тағылып отыр.

22 қыркүйек күні соттың мақұлдауымен, дәл осы баппен аталмыш клиниканың бас дәрігері Қанат Тезекбаев та екі айға қамауға алынды.

Осы екі аралықта – қыркүйек айында Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қанат Төсекбаев қызметінен кетті. Денсаулық сақтау басқармасы оның қызметтен кетуі бұл жағдаймен еш байланысы жоқ екенін, ол мемлекеттік басқару саласында оқуына байланысты кеткенін айтты.

Іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеулер басқармасы жүргізеді.

25 қыркүйек күні ғаламторда Қанат Тезекбаевтың әйелі Мемлекет басшысына жолдаған үндеуі пайда болды. Онда Дина Тезекбаева Нұрсұлтан Күдебаевтың өліміне күйеуін кінәлап жатқандары туралы жазған. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде медициналық қоғамдастықтың дәрігерлерді қамауға қатысты бірқатар үндеуі пайда болды.

Бұл үндеулерге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударып, істі заңды түрде тергеуді тапсырды.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Президенттің тапсырмасымен бұл мәселені жеке бақылауына алғанын атап өтіп, бәрін сабырға шақырды.

Сонымен бірге, Алматы қалалық соты Қанат Тезекбаевқа қатысты апелляциялық сот ешқайда кетпеу туралы жазбаша түрде қолхат алу түріндегі жаңа шара қолданылғанын айтты.

Сондай-ақ, кейінірек сот 25 қыркүйекте тергеу сотының қаулысымен Асқар Тұңғышбаев қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы ешқайда кетпеу шарасына өзгертілді.

Автор: alanwitjas
Предыдущий материал

ДТП на кладбище: Skoda снесла могилы усопших

Следующий материал

Сдал "Шахтер": в "Аталанте" нашли "шпиона" перед матчем Лиги чемпионов

Коментарии (0)